АСТАНА, 12 қыркүйек - Sputnik. Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны овариден екі қазақстандық спортшы әйелдер арасындағы жарыста жүлдегер атанды. Жарыс қорытындысы бойынша Әсел Далиева алтын медаль, ал Аңсаған Қожанасіп қола жүлдеге ие болды.
Овари – Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны. Оны екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқырша болады, олар бірге 12 кішкентай шұңқыршаларды құрайды, сонымен қатар, ойыншыларда тастарды жинайтын үлкен жинақтаушы сақтау шұңқыршалар болады. Овари ойыны 48 шармен ойналады.
Тақтаның өз жағындағы алты кішкентай шұңқырша ойыншының алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқырша сәйкесінше қарсыластың алаңы болады. Ойыншылар өз қоймасында мүмкіндігінше көп шар жинауға тырысады. Кім көп шар жинаса, сол ойыншы жеңіске жетеді.
Команда құрамы: 2 ер, 2 әйел, 1 бапкер.
Жарыстар швейцариялық жүйе бойынша жеке және командалық есепте өткізіледі. Турдың саны – 7. Қорытындылар ерлер мен әйелдер арасында бөлек жиынтықталады. Әр ойыншыға бір ойынға 20 минут уақыт беріледі.
Жарыстарды дүниежүзілік "Тоғызқұмалақ" федерациясы "Овари" халықаралық федерациясымен бірлесіп өткізеді.