Кәсіпорындар жұмыскерлерге 3,6 млрд теңге еңбекақы төлемеген

Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына 222 ұйғарым берілді
Sputnik
АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Мемлекеттік еңбек инспекторлары жыл басынан бері 40,7 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Биыл республиканың 259 кәсіпорны 16 мың жұмыскерге 3,6 млрд теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешек болған. Сонымен бірге мемлекеттік еңбек инспекторлары түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 6,9 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылғанын анықтады.
"Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына 222 ұйғарым берілді және 34,6 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 14,7 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 2,8 млрд теңге төленді", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Биыл жалпы мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 319 тексеру жүргізіп, 6 890 бұзушылық анықтады. Оның ішінде:
еңбек саласында – 5 095;
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 730;
халықты жұмыспен қамту бойынша – 65.
Жұмыс берушілерге 2 597 ұйғарым беріліп, 330,1 млн теңге сомасына 3 030 әкімшілік айыппұл салынған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 26 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.