АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Ақтөбеде жүк көлігі анасы мен қызын жаяу жүргіншілер өтетін жол бөлігінде қағып кетті.
Алған дене жарақатынан қыз көз жұмды. Бұл оқиға 10 қыркүйкекте Оңтүстік айналма жолында болған. Күдікті қамауға алынды.
“Реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде “Газель” көлігінің жүргізушісі екі адамды - анасы мен баласын қағып кетті. Жол апаты салдарынан үш жасар қыз қайтыс болып, әйел медициналық мекемеге жеткізілді. Адам өліміне әкеп соқтырған жол ережесін бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды”, - деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаментіндегілер.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қыз баланы облыстық балалар ауруханасына жеткізіп үлгерген, бірақ ауруханаға түскеннен кейін жарты сағат өткен соң бала қайтыс болған. Қазір дәрігерлер 32 жастағы ананың өмірі үшін күресіп жатыр.
“1992 жылы туған әйел көпсалалы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр”, - деп хабарлады Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасындағылар.