АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. "Ақ жол" демократиялық партиясы төрағаның орынбасары Дмитрий Васильевтің ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.
"Апта сайын шенеуніктер мен олардың сыбайластары ұсталғаны жайлы ақпарат жарияланып тұрады, бірақ олардың партияға қатысы бар-жоғына ешкім назар аудармайды. Ал дәл осы мәселеде ақпарат саяси тұрғыдан көрсетіліп берілген, алайда бұл істің Д.Васильевтің партиядағы қызметіне еш қатысы жоқ", - деп жазылған партияның баспасөз қызметі жариялаған ақпаратта.
"Ақ жол" Васильевтің шынымен де партия төрағасының ірі бизнеспен жұмыс жөніндегі орынбасары екенін, ол түрлі салада бірнеше жобаны жүзеге асырған ірі кәсіпкер әрі инвестор екенін атап өтті.
"Ол партияда штаттан тыс жұмыс істеп, тек ұйымдастыру шараларына келетіндіктен, бізде оның партиядан тыс іскерлік қызметі мен ұсталуының мән-жайы туралы толық мәлімет жоқ", - делінген хабарламада.
Өткен жұмада партия төрағасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдап, Васильевтің адвокатының мәліметін беруді сұраған.
"Кеше оның ұсталу фактісін растайтын жауап келіп, адвокаттарының мәліметі берілді. Біздің заң қызметіміз шағымдардың мәнін түсіну үшін жақын арада олармен байланысады (әзірше, мұндай шаралар жауапсыз қалып отыр).
Васильевке ҚР ҚК 367-бабы бойынша айып тағылып отыр (лауазымды тұлғаға пара беру), алайда бізге нақты мән-жайлар белгісіз, мысалы, Васильев пара алудың бастамашысы болды ма, әлде, керісінше, бопсалау құрбаны ма?
Бұл жайттың шешуші маңызы бар, себебі сол ҚР ҚК 367-бабына сәйкес "Пара берген адам, егер оған қарсы пара бопсалау орын алса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады", - деп мәлімдеді партия.
"Ақ жол" партиясы өзге де бізге белгісіз жағдайлар болуы мүмкін деп есептейді, сондықтан мәселені егжей-тегжейлі зерттеу қажет.
"Ақ жол" демпартиясы тағылып отырған айыптаудың ауырлығын ескере отырып, Д.Васильев ісі бойынша тергеу мен соттың барынша ашық болуына мүдделі.
Алайда ҰҚК бұл іс бойынша ақпарат алуға белгілі бір шектеу бар екенін жеткізген.
Еске сала кетейік, өткен аптада 2023 жылы Ұлттық гвардияның лауазымды тұлғасының пара алу ісі бойынша Дмитрий Васильевтің ұсталғаны туралы бейресми ақпарат тараған болатын.