АСТАНА, 10 қыркүйек – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттер колледждерде ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша тегін оқуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін үкімет отырысында Нұрбек ҰБТ-ны жоғары оқу орындарына ғана емес, колледждерге де грант беру тетігі ретінде енгізу мүмкіндігі қаралып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша мұндай икемді тәсіл жастарға уақыт жоғалтпай, "мансаптық жолын жүйелеуге" көмектеседі.
"Ол бастаманы былай іске асыруды жоспарлап отырмыз. Мысалы, талапкер ҰБТ-дан жоғары ұпай алды дейік, бірақ грантқа түсе алмады. Осындай жағдайда ол сол ұпаймен колледжге тегін оқуға түсе алады. Сонда мықты кәсіптік мамандық алып шығуға болады. Колледжді бітіргеннен кейін жұмыс істейді. Ал жоғары білім аламын десе, қысқартылған мерзімде бакалавриатты оқып алады. Ол үшін жоғары оқу орындар мен колледждердің оқу бағдарламалары өзара сәйкестендіріледі", - деді Нұрбек үкіметте өткен брифингте.
Ал премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың сөзіне қарағанда, ондай тәжірибе кеңестер кезінде болған.
"Бұрын техникумды үздік бітіргендер университеттің үшінші курсынан бастап оқып кететін. Бүгінде тура солай орта-кәсіптік оқу орындары мен жоғары оқу орындарының бағдарламаларын сәйкестендірсе, колледж бітірген адамдарға қайтадан төрт жыл оқудың қажеті жоқ. Екі немесе бір жылдық бағдарламалар болуы мүмкін", - деп атап өтті Дүйсенова.