Тоқаев Көшпенділер олимпиадасын ашты

Президент "Ұлы Дала дүбірі" еліміз үшін тарихи оқиға екенін ерекше атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қаншалықты маңызды екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімі
"Астана-Арена" стадионында дүбірлі доданың ашылу салтанаты өтті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ресми түрде ашық деп жариялады.
"Бұл - ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер-жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық, басқа мемлекеттердің де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек", - деп атап өтті Тоқаев.
Президент "Ұлы Дала дүбірі" еліміз үшін тарихи оқиға екенін ерекше атап өтті. Себебі Сарыарқаның сайын даласы 5 күн бойы дүбірге толады.
"Күллі әлем жұрты нағыз көшпенділердің болмысына куә болады. Бұл – бірлік пен татулықтың тойы. Достығымыз мәңгі болсын! V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ашық деп жариялаймын!", - деді Тоқаев.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімі
Айта кетері, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары әлемнің 89 елінен 2500-ден астам қатысушы келді. Олардың ішінде Эквадор, Мысыр, Эстония, Эфиопия, Нигерия, Македония, Норвегия, тіпті, Танзания, Тайланд, Уганда, Уругвай мен Зимбабве өкілдері бар. Барлығы ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы үшін таласады.