АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысында әскерге шақырылған сарбаздың қазасына қатысты мәлімдеме жасады.
"Ақтау гарнизонындағы 25744 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісінің қайтыс болуына қатысты істі қорғаныс министрі ерекше бақылауға алды. Оның тапсырмасы бойынша қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Ш-Х. Жазықбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды", - деп жазылған ведомствоның хабарламасында.
Қайғылы жағдайдың мән-жайы жан-жақты тексеріліп, тергеу органдарына объективті тергеу жүргізу үшін толық көмек көрсетіліп жатыр.
"Кінәлі тұлғалар ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады", - деп атап өтті министрлік.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің отбасы мен туыстарына қайғыра көңіл айтты. Сондай-ақ сарбаздың туыстары мен жақындарына жан-жақты көмек көрсетілетінін хабарлады.