АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жамбы атудан жарыс басталды. Олар "Қазанат" ипподромының жанындағы этноауылда өтіп жатыр.
Ойын төрт стилде ұйымдастырылды: қазақ, венгр, түрік және корей. Әсерлі сайысқа 27 елден 78 спортшы қатысуда.
Жарыстың ережесі мынадай: шабандоз шауып келе жатып садақпен нысананы көздеуі керек. Әр командада төрт спортшы болады. Жолдың ұзындығы – 100 метр, ені – 3 метр.
Әр қатысушыға төрт мүмкіндік беріледі, қазақстандықтардан басқа Зимбабве, Франция, Ирландия және басқа елдердің өкілдері бақ сынап жатыр.
Ойын алдында дәстүрлі жеребе тарту және ашық жаттығу өтті.