"Бірлік керуені": Астанада көшпенділер ойындарына арналған өңірлер шеруі өтті

Іс-шара барысында керуен еліміздің барлық өңірінен жиналған қасиетті суды Астанаға жеткізді
Sputnik
АСТАНА, 7 қыркүйек – Sputnik. Астанада 6 қыркүйек күні Қазақстанның 20 өңірінен 200-ден астам өкілдің қатысуымен "Бірлік керуені" атты ауқымды іс-шара өтті. Спортшылардан және қоғам қайраткерлерінен құралған керуен әр өңірдің дәстүрлі стилінде безендіріліп, шеру жасады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Керуеннің басты міндеті – өңірлерден елордаға ойындар тарихының ажырамас бөлігі болып саналатын қасиетті суды ойындардың ашылу салтанатына жеткізу. "Бірлік керуені" 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатының басты киелі элементі ретінде қасиетті суды пайдалану дәстүрін жалғастырады.
Сағат 16.00-ден бастап ЭКСПО аумағында елорда тұрғындары мен қонақтары алдында ди-джей өнер көрсетіп, интерактивті ойындар өткізілді. Одан әрі сағат 17.00-де театрландырылған бағдарламамен және 20 өңірден келген өкілдердің шеруі арқылы ресми ашылу өтті.
Іс-шара барысында керуен еліміздің барлық өңірінен жиналған қасиетті суды Астанаға жеткізді. Бұл су Қазақстан халқының ортақ күші мен бірлігін білдіреді. Шеруді шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық эстрада жұлдыздары жалғастырды.
Еске сала кетейік, осыған дейін еліміздің әр өңірінің киелі саналатын бұлақ көзінен торсық толы су жиналған болатын. Дәл осы су 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатының негізгі элементі болмақ.
Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді, оған әлемнің 89 елінен 2500-ден астам адам қатысады.