АЛМАТЫ, 6 тамыз - Sputnik. Ынтымақтастықтың перспективалары мен жаңа бағыттары Белградта (Сербия), сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-сербия үкіметаралық комиссиясының III отырысында талқыланды. Қазақстандық тарапты премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Сербия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі болып табылады.
"Бізде сауда ынтымақтастығының үлкен әлеуеті бар. Біз Сербияға $500 млн-нан астам сомаға шикізаттық емес тауарлардың 90-нан астам түрін жеткізуді ұсынуға дайынбыз. Бұл металлургия, мұнай-химия, тамақ, химия, машина жасау салаларының өнімдері, көлік құралдары, құрылыс тауарлары. Бұл үшін бізде барлық өндірістік және көліктік-логистикалық мүмкіндіктер бар", — деді Серік Жұманғарин отырысқа қатысушыларға.
Өз тарапынан Сербия Премьер-Министрінің орынбасары – ішкі істер министрі Ивица Дачич елдер арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті тереңдетуге мүдделілік білдіріп, үкіметаралық комиссияның III отырысы жаңа бірлескен жобаларды құруға елеулі қадам болатынын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қазақстан Сербияға бұршақ, пияз, қарақұмық, жарма және бидай экспортын ұлғайтуға дайын екенін атап өтті. Мал шаруашылығы саласында балық және балық өнімдерін, бал, құс еті, жылқы еті, сиыр еті және сүт өнімдерін жеткізу мүмкіндіктерінен бөлек, Қазақстан шошқа етiн жеткізуді қарастыруы мүмкін. Сонымен қатар елімізде жаңа сүт-тауар фермаларының құрылысын ескере отырып, Қазақстан Сербиядан асыл тұқымды сиырлар мен асыл тұқымды материалдарды импорттауға мүдделі.
Отырыс күн тәртібіндегі маңызды мәселе көлік саласы болды. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары атап өткендей, Қазақстан мен Сербия арасындағы қолданыстағы құқықтық база елдеріміз арасында аптасына 14 жолаушы рейсін орындауға мүмкіндік береді.
"Қазақстан әуежайларында "ашық аспан" режимі жұмыс істейді. Біздің елдеріміз арасында тікелей рейстердің ашылуы Сербияның Еуропаға көлік хабы болуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз Қазақстан мен Қытайдан Сербияға және одан әрі Еуропа елдеріне жүк тасымалы үшін транзитті дамытуға мүдделіміз. Осы мақсатта Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз", — деді Серік Жұманғарин.
Сербияда EXPO-2027 көрмесін өткізу қарсаңында үкіметаралық комиссияның отырысында Халықаралық көрмелер бюросы тарихтағы ең табысты мамандандырылған көрме ретінде танылған EXPO-2017 көрмесін өткізудің қазақстандық тәжірибесі таныстырылды. Сонымен қатар тараптар жұмыспен қамту, ғылым, білім, туризм, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.