Паралимпиада - 2024: қоржынға тағы екі медаль түсті

Sputnik
АЛМАТЫ, 6 тамыз - Sputnik. J2 санаты бойынша 57 келідегі Даяна Федосова қола жүлде үшін белдесуде Түркия өкілі Дёндю Ешилюртты айқын жеңіп, ел қоржынына кезекті жүлдені салды.
"Парижде өтіп жатқан жазғы Паралимпия ойындарының кезекті жарыс күнінде де ел қоржыны жүлделер түсіп жатыр. Пара дзюдодан әлем чемпионаты мен Азия ойындарының қола жүлдегері Даяна Федосова бұл жолы да жанкүйерлерді жеңісімен қуантып, Паралимпиаданың қола медалін олжалады. Бұл – пара дзюдодан ұлттық құрама спортшыларының Парижде жеңіп алған екінші медалы. Кеше Ақмарал Науатбек Парижде Әнұранымызды шырқатып, ел мерейін өсірген еді. Даянаны Паралимпия ойындарының жүлдегері атануымен шын жүректен құттықтаймын! Жерлесіміздің алдағы уақытта бұдан да жоғары жетістіктерге жетуіне тілектеспін", - деді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, Даяна 2021 жылы өткен Токио Паралимпиадасына да қатысып, жүлдеге сәл жетпей қалған.
Пара дзюдодан J1 санатында 73 кг салмақта өнер көрсеткен Ерғали Шәмей финалдық белдесуде румыниялық балуан Флорин-Александр Бологаға жол беріп, Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
"Париждегі дүбірлі додада отандасымыз Ерғали Шәмей татамиде табандылық танытып, Паралимпия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Білекті балуанымыздың таланты мен жеңіске деген жігеріне бүкіл әлем куә болды. Оның осы жолда көрсеткен қажырлы еңбегі кез келген жанға үлгі бола алады. Ерғалиға алдағы жарыстарда жеңіс тілеймін!", - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.