Ақтөбеде табиғатты ластаған кәсіпорынға 2,9 млрд теңге айыппұл салынды

Кәсіпорын 2022 жылы міндетті экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген
Sputnik
АЛМАТЫ, 6 тамыз – Sputnik. Ақтөбе облысында "Восход Хром" ЖШС Хромтау ауданында хром кенін өңдеу кезінде бірқатар заң талабын бұзған, деп хабарлады облыстық прокуратура.
Кәсіпорын 2022 жылы міндетті экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген.
"Осы кезеңде атмосфераға 52 тоннадан астам ластаушы заттардың шығарындылары: бейорганикалық шаң, 3 валентті хром, магний оксиді шығарылған, сондай-ақ нормативтен жоғары, әрі заңсыз жалпы 395 мың тонна көлемінде ірі кесек және шламды байыту қалдықтары шығарылған", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Кәсіпорынға экологиялық рұқсатсыз жұмыс істегені үшін 2,9 млрд теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Прокуратура кәсіпорынды сотқа берген. Бірінші сатыдағы және аппеляциялық сот айыппұлды заңды деп тапқан.