Тоқаев зейнетақы активіне шетелдік компаниялардың қол жеткізуіне мүмкіндік беруді ұсынды

Зейнетақы жинағының 50 пайызына дейінгі бөлігі жеке инвестициялық басқарушыларға беріледі
Sputnik
АСТАНА, 5 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен "Астана" халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) басқару жөніндегі кеңес отырысы өтті, деп хабарлады Ақорда.
Президент ел экономикасына одан әрі инвестиция тартудың маңызын және инвестициялық экожүйені жақсарту қажет екенін атап өтті.
"Орталық қазірдің өзінде АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі бірқатар серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатты. Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясының ірі компанияларымен инвестициялық жобаларды ілгерілету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі АХҚО-ның инвестициялық әлеуетін және Қазақстан экономикасын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен Орталық үкіметпен және ұлттық институттармен өзара ықпалдастығын жандандырып, реттеуші базаны жетілдіруді жалғастыруы қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өтімділік қор нарығын дамытудың негізгі көрсеткішінің бірі екенін атап өтті. Оны, ең алдымен, институционалдық инвесторлар қамтамасыз етеді.
Қазір азаматтардың зейнетақы жинағының 50 пайызына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық басқарушыларға беру бойынша жұмыс басталды. Осы орайда зейнетақы активтері мен АХҚО-дағы қаржы институттарына шетелдік инвестициялық басқарушы компаниялардың қол жеткізуіне мүмкіндік беру жайын ойластыру қажет.
Бұл ретте мемлекет басшысы Ұлттық банкке Үкіметпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, АХҚО-мен бірге компанияларды Орталықта локализациялау бойынша талаптарды күшейту мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
Президент шетел нарығында бір мезгілде орналастырылған жағдайда жергілікті қор нарығындағы бағалы қағаздардың үлесі мен көлемінің шегін біртіндеп ұлғайтуды басым міндеттің бірі ретінде атады. Сонымен қатар жеке қазақстандық компанияларды ашық алаңға шығаруды ынталандырудың маңыздылығына назар аударды. Бұл олардың қызметінің жариялылығы мен тиімділігін растайды.
"Президенттің пікірінше, Қазақстанда көміртек нарығын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазір Еуропа Одағы елдері көміртек механизмдерін шекарада реттеуді енгізуге дайындалып жатыр. Бұл отандық өнімдерді Еуропаға экспорттауға едәуір кедергі келтіруі мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы төтенше жағдайға қарсы тұрудың тиімді қаржылық тетігін құру қажет екеніне тоқталды. Түрлі мемлекеттік сақтандыру қорлары табиғи апаттардың салдарымен күресуге қолдау көрсетуі керек. Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, "Астана" халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, Орталық юрисдикциясында осы мақсаттағы қор құру мәселесін жан-жақты зерттеуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты қорытындылай келе АХҚО-ның былтыр атқарған қызметінің жылдық есебін бекітті.