АСТАНА, 4 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда ҰҚШҰ мемлекеттерінің "Жартас-2024" құтқару оқу-жаттығуы басталды.
Оқу-жаттығулар тақырыбы – "Орталық Азиядағы жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою".
Оқу-жаттығулар Алматы облысы, Тамғалы тас жолындағы "Жартасты қала – Астана" оқу-жаттығу полигонында өтуде. Іс-шараларға ҰҚШҰ-ға мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою саласындағы уәкілетті органдардың құтқару бөлімшелері қатысуда. Сондай-ақ ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштері арнайы жасақ құрамаларына бөлінгендер бар.
Бірінші күн апатты жер сілкінісі кезінде туындаған кедергілер мен жартасты аумақтағы техногенді лабиринтте қашықтықты жүріп өту бойынша қатысушы елдердің құтқару бөлімшелері арасындағы жолдастық жарыстармен басталды.
5 қыркүйекте апатты-құтқару жұмыстары жүргізілетін оқу-жаттығудың тәжірибелік бөлігі, өрт сөндіру-құтқару техникасы мен жабдықтарының көрмесі, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтеді. Сондай-ақ арнайы оқу-жаттығудың жабылу рәсімі және құтқару бөлімшелерін марапаттау рәсімі болады.