"Өте жиіркенішті": депутат Садықовты партиядан шығаруға себеп болған жағдай жарияланды

Sputnik
АСТАНА, 4 қыркүйек – Sputnik. "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев депутаты Асқар Садықовтың не себепті шығарылғанын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін 55 жастағы мәжіліс депутатының өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын. Ал "Ақ жол" партиясы оны өз қатарынан шығарып жіберді. Перуашевтің айтуынша, Садықовтың үстінен шағымдар түскен. Атап айтқанда, экс-депутат өкілеттігін асыра пайдаланған және этикалық нормаларды бұзды.
"Мәселен, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам А.Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып арызданды. Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде ватсабына А.Садықовтан келіп түскен хабарламалардың скринін көрсетті", - дейді Перуашев.
Оның айтуынша, жәбірленуші барлық ұсынысты жауапсыз қалдырған. Ал Садықов жыныстық бопсалауды жүйелі түрде жалғастыра берген.
"А. Садықовтың депутаттық қол сұғылмаушылыққа ие екендігуне байланысты, харрасментке тап болған жәбірленуші құқықтық қорғауға жүгіне алмаған. Пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіндігі туралы ескертуіме жауап ретінде А.Садықов "өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екендігін" айтты. Сондықтан, біз бұл кедергіні алып тастадық, ал, А.Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім жәбірленушіге ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті партия басшысы.
Осы орайда Перуашев бұрынғы әріптесінің лайықсыз мінез-құлқын дәлелдейтін басқа да фактілер бар екенін де мәлімдеді. Оған құқық қорғау органдары да назар аударуы мүмкін.
"Ондай жағдайда қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Өзге адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қатысты болғасын бұл жағдайды көпшілік алдына шығару маған өте жиіркенішті болса да, осы мәселе төңірегіндегі дау-дамай мен алып-қашпа әңгімелердің нүктесін қоюға мәжбүрмін", - деп жазды Перуашев өзінің Telegram-арнасында.
Оның айтуынша, А. Садықов сұхбаттың бірінде өзін 1937 жылғы репрессиялар құрбандарымен салыстырып, "шындық" үшін жазым болғанын айтқан. Сол "шындықтың" да шынайы бет жүзін көрсетуге тура келді.