АЛМАТЫ, 4 тамыз – Sputnik. Алматы облысы Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылынан Сібір жарасы анықталды. Ауылда шектеу енгізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұйғыр ауданының жұртшылығы бұл ақпаратқа үрке қарап, үйлерінен шығуға қорқып отыр. Тұрғындардың айтуынша, Үлкен Ақсу ауылында індетпен адам да, мал да ауырған.
"2-3 адамның үстіне жара қаптап кеткен, тексеру қорытындысы Сібір жарасы деп шығарыпты. 20 адамнның үшеуінен анықталды деп жатыр. Ватсаптағы біздің ауылдың тобына үйден шықпаңыздар деген ақпарат келіп жатыр. Осыдан 25 жылдай бұрын бұл ауру біздің ауданда болған, бір адам қайтыс болған еді. Оны әк сияқты ұнтақпен жерленгені бар еді", - дейді аудан тұрғындары.
Үлкен Ақсу ауылының әкімі Адылжан Құрбаниязов бұл ақпаратты растады. Әкім сырқаттанып Алматыдағы ауруханада жатқандықтан бар естіген ақпаратын ғана бөлісті.
"1-2 адамнан сібір жарасы анықталған. Індет ошағы болуы мүмкін деп мал, ет өнімдерін тасымалдауға шектеу қойылып, барлығы тексеріліп жатыр. Сібір жарасын жұқтырған жігіт өзінің сиырын сойған екен, содан жұқты деген күдік бар. Ауылдан адам шықпасын деген қаулы шыққан жоқ. Тек мал өнімдеріне шектеу қойылады. Ауыл тұрғындары малын қораға қамап ұстап отыр", - дейді ауыл әкімі.
Ал облыстық әкімдік карантин жарияланбағанын, уақытша шектеу ғана енгізілгенін жеткізді.
“Ұйғыр ауданында сібір жарасына күдікті жағдайлардың анықталуына байланысты ветеринарлық-санитарлық уақытша шектеу шаралары енгізілді. Карантин жарияланған жоқ. Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында мал мен ауылшаруашылық жануарларынан алынатын өнімдерді экспорттауға тыйым салынды. Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайтындықтан, азаматтардың жүріп-тұруына ешқандай шектеу қойылған жоқ", - дейді ведомство.