Ұлттық қауіпсіздік комитеті діни ағымды жақтаушыларды ұстады

Күдіктілердің екеуі бұған дейін тонау және ұрлық жасағаны үшін сотталған
Sputnik
АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті деструктивті діни ағымды жақтаушы Қазақстанның 5 азаматы мен 1 шетелдікті ұстады.
Терроризмге қарсы іс-шаралар тамызда Алматы қаласында, Қарағанды, Түркістан, Ұлытау облыстарында өткізілді.
"Олар өшпенділік пен зорлық-зомбылық идеологиясын әлеуметтік желілер арқылы және басқа да жолдармен таратты деген күдікке ілінді", - деп жазылған ҰҚК баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Заттай дәлелдемелер табылды және алынды, оның ішінде 3 граната бар.
Күдіктілердің екеуі бұған дейін тонау және ұрлық жасағаны үшін сотталған.Ұсталған адамдарға қатысты Қылмыстық кодекстің 256-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.