АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз тығырыққа тірелді, бірақ жағдай жақын арада өзгеруі мүмкін, деп хабарлады Түркияның сыртқы саясат мәселелері жөніндегі сарапшысы Гёкхун Гёчмен.
"Қазіргі жағдайды ескерсек, Украина бойынша келіссөз жүргізу бұрынғыдан қиынырақ болады", - деп атап өтті ол.
Гёкхун Гёчмен бұған Украинаның Курск облысына шабуылы басты себеп болып отыр деп есептейді.
Оның айтуынша, Украина келіссөздеріндегі тағы бір тосқауыл – "Украинаның Ресеймен келіссөз жүргізу туралы соңғы талаптарына қарамастан, нақты қадамдар жасалмауы".
"Украина Ресеймен келіссөзге тыйым салатын заңды өзгертпегендіктен, менің ойымша, Зеленский АҚШ-тағы сайлауға дейін уақыт созғысы келеді. Екінші жағынан, бүгінде келіссөз тығырыққа тірелгенімен, Украина армиясының ұрыс даласындағы шығыны және АҚШ-тағы президент сайлауында Трамптың жеңіске жету мүмкіндігі күн тәртібіне басқа сценарий қоюы мүмкін", - дейді сарапшы.
Гёчменнің пайымдауынша, экс-президент Дональд Трамп жеңіске жеткен жағдайда АҚШ-тың Украинаға қолдауы азайып қана қоймай, ұжымдық Батыстың, яғни АҚШ, Еуропалық Одақ және НАТО-ның ортақ саясатына сызат түседі.