Полицейлер 1-курс студенттері үшін өте маңызды акцияны бастады

Алғашқы кездесуді елордалық IT университетінде бейінді департамент қызметкерлері өткізді
Sputnik
АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Жаңа оқу жылында Ішкі істер министрлігі мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында құқықтық білім беру бойынша республикалық акцияны бастады, деп хабарлады Polisia.kz.
Қыркүйек айында барлық оқу орнында полицейлер кездесулер өткізіледі. Мұнда жоғары сынып оқушылары мен студенттерге қылмыстық жауапкершілікке әкелетін мінез-құлық түрлері туралы ақпарат беріледі.
"Өз бетінше өмір сүре бастаған жастар есірткіні таныстарының өтініші бойынша уақытша сақтау немесе тасымалдау, граффити-жазуларын салу, хабарландырулар немесе QR-кодтар тарату, форумдарда, мессенджерлерде есірткі туралы оң пікірлері бар посттар орналастыру сияқты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершіліктің туындайтынын түсінуі маңызды", -деп атап өтті ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті.
Алғашқы кездесуді елордалық IT университетінде бейінді департамент қызметкерлері өткізді. Жоғары оқу орнының оқытушылары мен әкімшілігіне студенттер қатысуы мүмкін құқық бұзушылықтардың түрлері, университет қабырғасында және жатақханаларда есірткіні жарнамалау және тарату тәсілдері, студенттердің есірткіні қолдану белгілері туралы айтылды.
"Бұл тақырып қалаға жаңадан келген және есірткіні тарату немесе жарнамалау арқылы жеңіл табыс табуға тартылуы мүмкін бірінші курс студенттері үшін өте маңызды. Сондықтан осы университеттегі келесі қадам 1-2 курс студенттерімен кездесу болады. Біздің мақсатымыз – ақпаратты студенттердің 100%-на жеткізу", – деп түсіндірді ведомство.
Бұл жұмыс оқу жылы бойы жалғасады.