Әкімдер мен министрлер инвестор тартпай отыр - Тоқаев

Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет деді
Sputnik
АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды екенін айтты.

Президент дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін "дәл осы жерде және дәл қазір" қағидасы бойынша шешім қабылдау екенін мәлімдеді.
"Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты", -деді мемлекет басшысы.
Ол бүгінгі жолдауында экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керектігін айтып, биліктің осы бағыттағы жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
"Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс", - деді Тоқаев.
Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет деді.
"Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын", - деді Тоқаев.