АЛМАТЫ, 1 қыркүйек - Sputnik. Орал қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен Деркөл мен Зашаған кентінде 183 үй пайдалануға берілсе, бүгін Жұлдыз шағын ауданында 192 жанұяға жаңа баспананың кілті тапсырылды, деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі.
Облыс бойынша тасқыннан зардап шеккендерге 775 үй салынған еді. Қазірде тұрғындарға 685 үйдің кілті табысталды. Енді қалғаны Қаратөбе ауданы, Қоржын ауылында 3 қыркүйек күні табысталады. Осылайша Батыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі толықтай шешімін табады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға заң аясында тиісті көмек көрсетілді. Біз кешеден бері Орал қаласының саяжайлар алқабында тұрып, тасқында жалғыз баспанасынан айырылғандарға жаңа үйлердің кілттерін табыс етіп жатырмыз. Құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Үйге қатысты инженерлік желілерді, газ-суын толық тартып бердік. Халыққа қолайлы болу үшін асфальт салып берейін деп жатырмыз. Сонымен қатар бұл үйлерге адамдар көп қоныстанғандықтан, балалар ойнайтын ойын алаңын да салып береміз”- деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.
Орал тұрғыны Қарлыға Жармұхамбетова су тасқыны кезінде тұрып жатқан жалғыз баспанасынан айрылған. Бүгін жаңа үйіне кіріп, қуанышын жасыра алмады. “Көршілерімізбен “Жұлдыз” шағын ауданына керемет жаңа үйге қоныстанып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкіметке халыққа жасаған қамқорлығы үшін алғысымыз шексіз.
Бала-шағамызбен жаңа, кең үйге кірдік. Қуанышымызда шек жоқ”- деді қала тұрғыны Қарлыға Жармұхамбетова. Осылайша Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындары үшін салынған 375 үйдің құрылысы уақытында бітті. Бұдан бөлек, саяжай тұрғындарына Орал қаласынан 1416 пәтер сатып әперілген.