Робот-сот орындаушы қазақстандықтардың 226 млн теңгесін үнемдеді

Sputnik
АСТАНА, 30 тамыз – Sputnik. Қазақтанда іске қосылған робот-сот орындаушы он күннің ішінде 907 млн теңге сомаға 45 мыңнан астам атқарушылық іс қозғады. Бірақ қазақстандықтар осы жүйенің арқасында жеке сот орындаушыларының қызметіне төленетін төлемнен босатылып, 226 млн теңгені үнемдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Оған қоса, бұрын хабарлама уақытылы келмегендіктен көп адамдар айыппұл алғанын білмей қалатын. Ал қарыз уақытында өтелмеген жағдайда жеке сот орындаушысына айыппұл сомасының 25 пайызын қосымша төлеу қажет. Енді робот сот орындаушы айыппұл алған халықтың уақытын ғана емес, қаржысын да үнемдеуге мүмкіндік береді.
"Мәселен, 20 АЕК-ке дейінгі сомада жеңілдетілген іс жүргізуді қозғағаннан кейін азаматтар 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар мен EGOV Mobile қосымшасы арқылы іс туралы толық ақпарат бар push-хабарламалар алады.Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қарызды онлайн төлеу мүмкіндігі енгізілді. Осылайша адами факторлар толығымен жойылып, оның орнына робот жұмыс істейді", - дейді министрлік мамандары.
Бұл жоба аясында барлығын онлайн режимде жасауға болады. Сонымен қатар іс жүргізуді тоқтату және қамауға алуды тоқтату үшін түбіртек пен басқа да растайтын құжаттарды көрсетудің қажеті болмайды.
Ал атқарушылық құжаттың талаптары күнтізбелік 30 күн ішінде орындалмаған жағдайда (оңайлатылған іс жүргізу бойынша) іс жеке сот орындаушысына орындау үшін беріліп, одан кейінгі атқарушылық әрекеттер жалпы тәртіпте жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, жеке сілтеме бойынша алынған SMS-хабарлама немесе push-хабарлама мәтіні порталында материалды жеке сот орындаушысына беру арқылы оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу процесінен бас тартуға болады.
Айта кетері, робот-сот орындаушы жыл сайын халықтың 5 миллиард теңгеге жуық қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді