Қыздың көлікте болғанын ешкім білмеген: Ақтөбе облысындағы қайғылы оқиғаның мән-жайы

Sputnik
АЛМАТЫ, 28 тамыз - Sputnik. Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Дөн ауылында көлік ішінде 10 жастағы қыз өртеніп кетті. Оқиғаның мән-жайы туралы Sputnik Қазақстан тілшісі білді.
Көліктің өртенгені туралы 101 номеріне 13 сағат 46 минутта хабарлама түскен.

"Өрт орнына 13 сағат 47 минутта Хромтау ауданының №20 өрт сөндіру бөлімінен 6 адам және Хромтау ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің 2 қызметкері аттанды. Өрт болған ауыл аудан орталығынан 6 шақырым жерде. Өрт сөндірушілер 10 минутта жетті", - дейді Хромтау аудандық төтенше жағдайлар бөлімі.

Жалын 20 минутта толық сөндірілген.
"Өрт сөндіру барысында автокөліктің ішінен жасөспірімнің жансыз денесі анықталды", - дейді ведомстводағылар.
Жеткіншек қыз үйдегі үш баланың кенжесі. Күнделікті көлікке кіріп-шығып ойнап жүрген бала.
"Көліктің ақауы болмаған, күнделікті мініп жүрген көлік. Ата-анасы үйге кіріп кеткен. Көліктің есігі іштен де, сырттан да оңай ашылады. Көлік өртенгенде баланың ішінде болғанын ешкім білмеген", - дейді Дөн ауылының әкімдігі.
Баланың көліктен не үшін шыға алмай қалғаны құтқарушыларды да таңқалдырған. Өйткені көлік құлпы жабылып қалатындай емес, дейді олар.