Қазақстандық жолшылар канадалық әріптестерінің тәжірибесін зерттейді

Sputnik
АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Көлік министрі Марат Қарабаевтың Канаданың Монреаль қаласына жұмыс сапары барысында ХААҰ-ның 14-ші аэронавигациялық конференциясы (AN-Conf/14) аясында Канада Көлік министрінің орынбасары Арун Тангараджбен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар автожол құрылысы бойынша тәжірибемен алмасу мақсатында қазақстандық жолшылардың Канадаға сапарын ұйымдастыруға келісті. Сондай-ақ Канаданың Көлік министрлігінің басшылығымен екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашудың құқықтық негіздерін құру туралы келісімге қол жеткізді.
Сапар аясында канадалық DeHavilland және Bombardier әуе кемелерін шығаратын компаниялардың басшылығымен шағын авиацияны дамыту туралы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар "NDT Technologies Inc" компаниясының төрағасымен кездесу өтті. Қос тарап теміржол көлігі саласындағы ынтымақтастық мәселесін пысықтауға келісті.
Анықтама үшін: "NDT Technologies Inc" цифрлық оптика, ультрадыбыстық, электромагниттік және лазерлік бақылау технологияларын пайдаланатын автоматтандырылған жүйелерді жобалау, орнату және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын интеграцияланған автоматтандырылған бұзушылықты бақылау (ББ) және өлшеу жүйелерінің жеткізушісі саналады.