АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысын өткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгінде мемлекет тарапынан спортқа жүйелі қолдау көрсетіледі. Бірақ дәстүрлі спорт түрлерінен нәтиже төмен болып тұр. Оны министрдің өзі де мойындап отыр.
"Жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижені жақсарту керек. Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты", - дейді Маржықпаев.
Осы орайда министр былтыр Ханчжоуда өткен Азия ойындарын да еске алды.
"Азиадаға қатысқан спортшылардың 80 пайызы биыл Парижге барды. Ал Ханчжоудан ұлттық құраманың қандай нәтижемен келгені бәрімізге белгілі. Тарихтағы ең нашар Азиада болды. Соған қарамастан аз уақыт қалса да, жағдай жасадық. Бірақ Париждегі нәтижені өздеріңіз біліп отырсыздар", - деп атап көрсетті Маржықпаев.