АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Астанада мас күйде көлік жүргізген әйел жазадан құтылу үшін жүкті екенін айтып, жалған анықтама әкелген, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық прокуратура басқармасының басшысы Саламат Тәңірбергеннің айтуынша, бүгінде мас күйде көлік жүргізу жолдардағы өрескел заңбұзушылықтардың бірі болып отыр.
"Көбінесе мұндай заңбұзушылыққа әйел адамдар жол береді. Құқық бұзушылар жазадан жалтару мақсатында басқа да құқыққа қарсы әрекеттер жасап жатады. Мысалы, қала тұрғыны мас күйде көлік жүргізіп, қамауға алынбау мақсатында сотқа жүктілік туралы анықтама берді, ол жалған болып шықты", - деді басқарма бастығы брифингте.
Сот әйелді 15 күнге қамауға алып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырған.
Сондай-ақ оған қатысты жалған құжатты пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Бүгінде жол жүру мәдениеті жоғары деңгейде емес. Жолдардағы мінез-құлық мәдениетін арттыру керек, бұл адамдарға жол қозғалысы ережелерінің талаптары тек формальдылық емес екенін түсіндіреді. Қоғамда ережелерді сақтау керек деген түсінік болуы керек, өйткені адам өмірі соған байланысты", - деп толықтырды Саламат Тәңірберген.
Айта кетері, 2024 жылдың басынан бері елорда аумағында 19 459 жол апаты болды, оның 118-інде жүргізуші мас болған.