АЛМАТЫ, 28 тамыз – Sputnik. Әлеуметтік желіде Абай облысы Жарма ауданының әкімдігі паралимпиада жүлдегері Зарина Примакқа бокал сыйлады деген ақпарат тарады. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі сұрап білді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Сатпеков соңғы күндері Жарма ауданы әкімдігі туралы жалған ақпараттар тарап жатқанын айтты.
"Зарина Примакқа 26 тамызда табысталған сыйлық Жарма ауданы әкімдігінің атынан берілген жоқ. Ол Шар қаласындағы "Жастар ресурстық орталығының" директоры Рауан Есенханның атынан берілген болатын", - дейді Сәкен Сатпеков.
Оның айтуынша, аудан тұлғаларына лайықты сыйлық жасалады.
"Кеше әкім орынбасары басқа жұмыстармен жүріп, жастар ресурстық орталығының өтінішімен құттықтауға барған. Ол әкімдік атынан сыйлық беру үшін кірген жоқ", - дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы.
Әкімдік көпшіліктен алып-қашпа сөзді таратып, жел сөзге ермеуді сұрады.
"Аудан әкімшілігі демеуші іздеп тапты. Аллаға шүкір ауданда жомарт кәсіпкерлер бар. Тұрмыстық техника тауып қойдық. Үлкен теледидар немесе тоңазытқыш сыйлаймыз деген жоспарымыз болған. Осындай ақпарат тараған соң айтуға мәжбүрміз. Әйтпесе жақсылықты жар салмай-ақ жасаймыз", - дейді Сәкен Сатпеков.
Еске сала кетейік, әлем чемпионы Зарина Примакқа байрақты бәсекеде жүлделі келгені үшін бокал сыйлады деген ақпарат тараған болатын. Зарина Примак армрестлингтен 7 дүркін әлем чемпионы атанды.