Қазақстанда АЭС LRT-ның тағдырына тап болмай ма - министр өз ойын айтты

Sputnik
АСТАНА, 27 тамыз – Sputnik. Энернетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС бойынша оң шешім қабылданған жағдайда жемқорлық мәселесі қатаң бақыланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметте өткен брифинг кезінде журналистер Астанадағы LRT құрылысын еске алып, АЭС салынған жағдайда жемқорлықтың қалай қадағаланатынын сұрады. Министр Сәтқалиевтің айтуынша, бүгінде кез келген мемлекетте АЭС құрылысы қатаң бақыланады. Себебі ядролық қауіпсіздік жалғыз сол елдің ғана мәселесі емес.
“Кез келген ядролық нысан құрылысы былай тұрсын, жобалау жұмыстарынан бастап барлық халықаралық қаржы ұйымдарының бақылауында болады. МАГАТЭ бар, атом энергиясын пайдаланушылар қауымдастығы бар, Еуропалық атом өнеркәсібі қауымдастығы бар. Олар құрылыстың кез келген сатысында келіп, бәрін көріп кете алады. Сосын АЭС салатын мемлекет те әдетте беделді әрі кәсіби халықаралық консультанттың көмегіне жүгінеді. Бүгінде әлем бойынша ондай бірнеше компания бар”,-дейді Сәтқалиев.
Қазіргі кезде бір француз компаниясы Қазақстанға конкурстық ұсыныстарды бағалауға және тәуелсіз сараптама жасауға көмектесіп жатыр.
“Меніңше, осындай көпдеңгейлі бақылау механизмі заңсыз әрекеттерді барынша азайтуға мүмкіндік береді. Мен өзім министр ретінде соған ықпал етіп, үнемі қоғам алдында есеп беретін боламын”,- деп атап көрсетті Сәтқалиев.
Айта кетері, Қазақстанда АЭС салуға болатын аймақ анықталды. Бірақ құрылысқа қатысты нақты шешім жоқ. Республикалық референдумда халық атом электр станциясын салуды қолдаса, жобасы жасалып, құрылыс жұмыстары басталады. Министрдің айтуынша, АЭС-тың құрылысына 8-10 жыл кетеді.
Қоғам
АЭС құрылысы кезінде қанша жұмыс орны ашылады - министр нақты санын жариялады