АЛМАТЫ, 27 тамыз – Sputnik. Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылында дүниеге келген үшемнің есімін ата-анасы президенттің аты-жөні және тегімен атады.
Келес ауданы Абай ауылының 33 жастағы тұрғыны 7 қыздан кейін үшем босанып, 10 баланың анасы атанды. Көптен күткен ұлдарына Қасым, Жомарт есімдері, қыздарына Кемел есімі берілген. Түркістан облысында өмірге келген үшем бүгін отбасымен қауышты.
"Гүлназ Мыңжасар мерзімінен бұрын – жүктіліктің 33-шы аптасында босанған. Кейбір қарсы көрсеткіштерге байланысты көпбалалы анаға ота жасалған. Балалардың әкесі Бақыт Мыңжасар құрылыста жұмыс істейді. Ал анасы жұмыссыз. Балалардың атын анасы қойған. Үшем шала туған, балалардың салмағы 2 000 грамм шамасында болған", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Көпбалалы ана дәрігерлерге ерекше алғысын білдірді.
"Ота жасаған және жалпы №1 перинаталдық орталығының акушерлік блогына үлкен алғысымды білдіремін. Медициналық мекемелерде қолайлы жағдай жасап, заманауи жабдықтармен қаматамасыз еткені үшін және мамандардың жоғары кәсібилігі үшін алғысым шексіз. Есімдерін президентіміз сияқты үлкен азамат болсын деген ырыммен Қасым, Жомарт, Кемел деп қойдық", – деді үшемнің анасы.
Нәрестелердің салмағы – 1 келі 965 грамм, 1 келі 925 грамм және 1 келі 975 грамм. Үшемнің ата-анасының 7 қызы бар.