"Қартайғанда қайда барамын?": Талғарда бөгет маңына үй салғысы келетіндер азаймай тұр

Талғар өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан №19 табиғи су қоймасы қауіпті екені біраздан бері айтылып келеді
Sputnik
АЛМАТЫ, 26 тамыз – Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданында бөгет маңына үй салғысы келетіндер азаймай тұр. Sputnik Қазақстан тілшісі тұрғындармен кездесіп, мәселенің мән-жайын біліп қайтты.
Жантұр ақсақал Талғардағы бөгет маңында тұрып жатқанына 20 жылға жуық уақыт өткен. Баспанасы бөгетке тиіп тұр. Ол кісі кезінде сол бөгетті салуға атсалысқан.
Талғарда бөгет маңына үй салғысы келетіндер азаймай тұр
"Мен Камаз жүргізушісі болдым. Осы бөгетті тұрғызуға еңбегім сіңді, қалай тұрғызылғанын да көрдім. Бұл 2005 жылы салынып біткен, сапасына өте сенімдімін. Қандай сел жүрсе де бұл төтеп береді, қорқатын дәнеңе жоқ. Әрине бұған дейін су тасыды, бірақ бөгет ұстап қалды. Бөгет бұзылады екен деп қорыққанмен қартайғанда қайда көшіп барамын?", - дейді бөгеттің дәл түбіне баспана салған Жантұр Абрахметов.
Талғарда бөгет маңына үй салғысы келетіндер азаймай тұр
Осы жердің тұрғыны Сергей Николаевтың да пікірі осы.
"Бірнеше жыл бұрын қатты су тасып, сол кезде үйімізді тастап кеткеніміз рас. Бірақ таңертең кетіп, кешке баспанамызға оралдық. Менің ойымша, елді даурықтырып қажет емес. Бөгет бұзылып су басады дегенге өз басым еш сенбеймін. Міне жасым 54-ке келді, 54 жыл осындамын. Әрбірден соң бұл жерден баспана салу үшін жер учаскесін сұрап келетіндер көп. Таудың арасы, таза табиғат, бәрі қызығады. Бірақ жер жоқ", - дейді Сергей Николаев.
Талғарда бөгет маңына үй салғысы келетіндер азаймай тұр
Расымен бөгет маңында ине шаншар жер жоқ. Өйткені барлығы баспана, дәмхана, демалыс орындарын салып алған.
Талғар өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан №19 табиғи су қоймасы қауіпті екені біраздан бері айтылып келеді. Тіпті арагідік төтенше жағдай да жарияланып тұрады. Қазіргі уақытта өзен жағасын жағалай бірнеше пост қойылған. Техникалар мен арнайы жасақ та жіті су деңгейін назарда ұстап отыр. Таудан ағын сумен келген ағаш біткенді төтенше жағдай сарбаздары тазалаумен жүр. Тау басындағы мұз жер еріп, сай-саламен Талғар өзеніне құйып жатыр. Негізі Талғар өзенінің жоғарғы жағында бес көл бар. Биыл сол көлдер төтенше жағдай мамандарын біраз алаңдатқан.
Талғарда бөгет маңына үй салғысы келетіндер азаймай тұр
Өйткені биылғы жаз тым ыстық, Алматының таулы аймақтары үшін жайсыз болды.
Ағып келген ағаш біткенді сүзіп алатын темір торлар жасалып, таудан аққан суды арнайы құбырлар арқылы әр сайға ағызып жатыр.
"Талғар бөгетіне жыл сайын жөндеу жұмыстары жүріп тұрады, жалпы бұл бөгет суды ұстап тұра алады. Ал жоғары жақта таудың басында мұздық көлдер арнасын жырып кету қаупі бар. Сел қаупі басталғаннан бері 24 сағат бақылауда ұстап отырмыз. Қазіргі күні құбыр арқылы судың бағытын басқа жерге бұрып жатырмыз. Төрт сифон, яғни төрт құбыр арқылы секундына 360 литр су сай-салаға ағып жатыр. Күн қатты ысығанда, қатты жауын салдарынан таудағы мұздар жылдам еріп, биыл өте қауіпті болды", - дейді "Қазселденқорғау" ММ мекемесі Іле-Алатау аумақтық техникалық пайдалану басқармасы Талғар өндірістік бөлімінің басшысы Мұрат Өтеулиев.
1 / 2
Талғарда бөгет маңына үй салғысы келетіндер азаймай тұр
2 / 2
Талғарда бөгет маңына үй салғысы келетіндер азаймай тұр
Су көтерілген сайын тұрғындарға хабарлама жіберіледі. Мамандардың айтуынша, бөгет маңына тұрғын үй салу қазіргі күні өте күрделі мәселе. Алайда бұл проблема бір Талғар емес, бөгеті бар аумақтың біразында бар.