АСТАНА, 26 тамыз – Sputnik. 25 тамызда Шымкентте өрт салдарынан 800-ден астам үй газсыз қалды, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Басылымның жазуынша, жексенбі күні сағат 17:07-де "QazaqGaz Aimaq" АҚ Шымкент өндірістік филиалының төтенше жағдайлар қызметіне Ынтымақ-2 шағын ауданында өрт шыққаны туралы хабар келіп түскен.
Оқиға орнына барған "QazaqGaz Aimaq" АҚ Шымкент өндірістік филиалының төтенше жағдайлар қызметі қураған ағаштардың жанып жатқанын анықтаған.
Өрт сөндірілген, зардап шеккендер жоқ.
Өрт салдарынан жер асты жоғары қысымды полиэтилен газ құбыры еріп кеткен.
Төтенше жағдайды жою үшін апаттан құтқару қызметінің бригадасы екі газ құдығындағы ысырманы жауып тастаған.
"Көкбұла", "Тәуелсіздікке 20 жыл", "Алтын төбе", "Ақбұлақ" және "Жаңа Тұрлан" кенттері уақытша газдан ажыратылды. Барлығы 820-ға жуық жеке тұрғын үй мен 3 өндірістік кәсіпорын газсыз қалды.
"Қазіргі уақытта бүлінген аумақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іске қосу жұмыстары бүгін күндіз басталады", - деп хабарлады компания өкілдері.