Қорғаныс министрлігі шектеу шаралары енгізілуі мүмкін екенін ескертті

Министрлік мамандары сан алуан қауесетке сенбей, тек ресми ақпарат көздеріне жүгінуге кеңес берді
Sputnik
АСТАНА, 26 тамыз – Sputnik. "Мәтібұлақ" оқу полигонында жедел-тактикалық оқу-жаттығу өтеді. Осыған байланысты жекелеген аудандарда шектеу шаралары енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 2-13 қыркүйек күндері Жамбыл облысының "Мәтібұлақ" оқу полигонында "Айбалта-2024" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі.
"Жауынгерлік дайындық іс-шаралары кезінде күштер мен құралдар Абай, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарының аумағында жүріп-тұрады. Оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтау мақсатында биылғы жылдың 26 тамызынан бастап бөлімшелер аралас тәсілмен, яғни теміржол және автокөлік жолымен марш жасайды. Содан кейін тұрақты орналасу пунктеріне де солай оралады", - делінген ресми хабарламада.
Әскери техниканы тасымалдау кезінде кейбір аудандарда шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Осы орайда министрлік мамандары сан алуан қауесетке сенбей, тек ресми ақпарат көздеріне жүгінуге кеңес берді.
Айта кетері, "Айбалта-2024" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы қарулы күштердің жауынгерлік дайындық бағдарламасы аясында өтеді.