АСТАНА, 26 тамыз – Sputnik. Алматы облысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құтқарушылары арнайы оқу-жаттығуларын өткізеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жартас-2024" атты жаттығулар Тамғалы тас шатқалында 1-5 қыркүйек күндері ұйымдастырылады. Ал 6 қыркүйекте Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құрылымдар арасындағы "Қазқұтқару-2024" семинар-жиыны салтанатты түрде ашылады. Бұл жиындар бір аптаға созылады. 12-14 қыркүйекте Орталық Азия мен Таяу Шығыс өкілдері үшін пилотсыз авиацияны қолдану бойынша мастер-тренинг те болады.
Бұдан бөлек, семинар-жиын аясында II Республикалық еріктілер форумы өтеді. Олар төтенше жағдайлар кезінде іс-қимыл жасау мәселесін талқылайды. Форумға елдің түкпір-түкпірінен еріктілер жиналады.