Батыс Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен 568 адам әлі үйіне оралған жоқ

Қалада және аудандарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 775 үй салынып жатыр
Sputnik
АЛМАТЫ, 23 тамыз – Sputnik. Батыс Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендердің 568-і әлі күнге дейін эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр, деп хабарлады "Мой город" порталы.
БҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Анар Бисенованың айтуынша, биыл өңірде су тасқынына байланысты 150 шақырым қорғаныс бөгеті тұрғызылды,1,5 миллион қап төселді.
84 елді мекен үлкен судан құтқарылды. 14000-нан астам адам эвакуацияланды, олардың 5000-нан астамы балалар.
"Бүгінгі күні уақытша орналастыру пункттерінде 568 адам, оның ішінде 235 бала бар. Өңірде ірі су тасқынының салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Орал бойындағы саяжай алаптарында, мысалы, бірінші учаскеде ("Стеновик"бау-бақша серіктестігі) су сорылып жатыр. Барлығы 12 миллион текше метр су сорылды", - деп түсіндірді Анар Бисенова.
БҚО ТЖД бастығының орынбасары облыстың ТЖ салдарын жоюға шамамен 18 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Қалада және аудандарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 775 үй салынуда. Бұл жұмыстарға 56 жергілікті мердігер ұйым тартылды. Қазіргі күні 70% жұмыс аяқталған.
Айта кетері, осы жылдың басынан бастап облыс бойынша 14 табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды (қатты желдің салдарынан электр қуатының үзілуі, шатырдың ұшуы, су тасқыны жағдайы, жемшөптің жетіспеушілігі).