10 млн долларды қайдан алғанын түсіндіре алмаған азамат ақшаны мемлекетке өткізді

Sputnik
АСТАНА, 23 тамыз — Sputnik. Бас прокуратура 10 млн доллардан астам түсініксіз байлыққа қатысты алғашқы сот актісі орындалғанын хабарлады.
"Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң субъектісінің активтерді иемдену көздерінің заңдылығын мониторингілеу және талдау шеңберінде онымен үлестес тұлғаларда пайда болуы түсініксіз активтері анықталды.
Биыл активтерді қайтару жөніндегі комитет 10 млн АҚШ долларынан астам сомаға активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап арыз берді.

Сот отырысы барысында жауапкерлер өздеріне тиесілі активтерді иемдену көздерінің заңдылығын дәлелдей алмады.

Бірінші сатыдағы сот активтерді қайтару комитетінің талаптарын толық қанағаттандырды, сот алқасының қаулысымен жауапкерлердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сот шешімін орындау шеңберінде қолма-қол ақша, қымбат зергерлік бұйымдар, сарапшылардың пікірінше түбірі Сақ дәуірінен басталатын тарихи-мәдени мұра заттары мемлекет кірісіне айналдырылды.
Бұл жағдайда активтерді мәжбүрлеп қайтару механизмі қолданылғанына қарамастан, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру — заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңның негізгі қағидаты болып қала береді.