АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Орал қаласында 3,3 га жер учаскесі ұзақ уақыт бойы мақсатына сай пайдаланылмаған, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Заң бұзушылықты Батыс Қазақстан облысының Жер ресурстарын басқару департаменті Орал қаласындағы ЖШС-нің бірін жоспардан тыс тексеру кезінде анықтады.
Департамент кемшілікті 1 жыл ішінде жою туралы нұсқама берді.
"Белгіленген мерзімде талаптар орындалмады, осыған байланысты жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап арыз берілді", - делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды.