АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. 20 тамыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда 2,2 млн тонна астық бастырылып, 1,1 млн тоннасы жиналды. Бұл туралы күзгі дала жұмыстары мәселелері жөніндегі жедел штабтың бірінші отырысында айтылды.
Ондағы дақылдардың 76%-ы жақсы, 22%-ы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Егін жинау қарқыны былтырғы жылмен сәйкес деуге болады, бірақ толассыз жауған жаңбыр жаппай жұмыс істеуге және дәнді дақылдардың толық пісуіне кедергі келтіруде.
"Осыған байланысты Жедел штаб отырысында өңірлерді астық кептіру агрегаттарымен және оларға арналған отынмен қамтамасыз ету мәселесі қаралды", - деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бүгінгі таңда негізгі астық егетін өңірлерде тәулігіне жалпы қуаты 820,6 мың тонна болатын 1301 астық кептіру агрегаты бар. Осы кептіру агрегаттарының жұмысы үшін 61 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінімдер келіп түсті. Бірақ кейбір облыстарда кептіргіштер сұйытылған газбен жұмыс істейді, сондықтан бұл қондырғыларға арзандатылған газ қажет.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин АШМ мен Энергетика министрлігіне кептіру агрегаттары үшін қажетті сұйытылған газ көлемін есептеп, фермерлерді арзандатылған отынға кезекте тұрғандар тізіміне қосуды тапсырды.
Сондай-ақ әкімдіктерге фермерлердің мобильді кептіру агрегаттарына деген қажеттілігін есептеу, ал қаржы институттарына аталған құрылғыларды сатып алуды субсидиялау мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.