АЛМАТЫ, 21 тамыз - Sputnik. Биыл жыл басынан бері 10 134 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 138,5 мың этникалық қазақ оралды.
Биыл жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысы (47,5%) Қытайдан, 37% – Өзбекстаннан, 5,8% – Түрікменстаннан, 5,2% – Моңғолиядан, 3,2% – Рессейден және 1,3% басқа елдерден.
Олардың 59%-і еңбекке қабілетті жаста. Бұл санаттағылардың
17,4%-і жоғары білімді.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды, олар - Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамға бөлінді. Бұл квота бойы 1937 қандас қоныс аударды.