АСТАНА, 21 тамыз — Sputnik. Шымкентте балалардың сырғасын ұрлаумен айналысқан бойжеткен ұсталды, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қаскөй көппәтерлі үйлердің ауласында жүрген қыз балаларды "шашыңды әдемі етіп өріп беремін" деп алдап, құлақтарындағы алтын сырғаларды шешіп алып жүрген.
"Үш күн ішінде ол қаланың 4 кішкентай тұрғынынан алаяқтық жолмен қымбат зергерлік бұйымдарды алдап алып, 300 мың теңгеге жуық шығын келтірген", - делінген хабарламада.
Әл-Фараби АПБ-ның жедел уәкілдері дереу күдіктіні іздеуге кірісті.
Полицейлер куәгерлерден болған оқиғалар туралы сұрастырып, қылмыс орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 20 жастағы қыз қала аумағында ұсталды. Ол ұрлаған бұйымдарды ломбардқа өткізгені анықталды.