Оқу-ағарту министрі 1500 педагогке ведомстволық награда тапсырды

Sputnik
АСТАНА, 21 тамыз — Sputnik. Оқу-ағарту министрі қазақстандық 1500 педагогке ведомстволық награда тапсырды.
Тамыз саммиті аясында кәсіби жетістіктерімен және оқушыларының жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленген үздік педагогтер, шеберлер, зерттеушілер, сондай-ақ білім саласының дамуы мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін білім беру ісінің ардагерлері марапатталды.
Саммит қатысушылары алдында сөз сөйлеген ведомство басшысы мұғалімнің білім беру мен бала тәрбиесіндегі айрықша рөлін және олардың еңбегі мен жетістіктерінің маңыздылығын атап өтті.
"Мемлекет білім беру саласын дамыту мен педагогтеріміздің еңбегін лайықты бағалауға аса мән береді. Сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз, сондықтан біз білім мен тәрбие беру арқылы еліміздің болашағының қалыптасуына жанашырлық танытқан ұстаздарға қай уақытта да жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз", - деді Ғани Бейсембаев.
Министр сондай-ақ соңғы жылдарда білім беру саласында орын алған оң өзгерістерге де тоқталды. Бұл білім беру қызметкерлерінің жалақысының өсуі, жүктеменің азаюы, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын модернизациялау және т.б.
Айта кету керек, ведомстволық наградалар тамыз саммитінің аясында, сондай-ақ өңірлерде өткен тамыз конференциялары кезінде тапсырылған болатын. "Еңбек ардагері" медалімен 257 педагог, "Ыбырай Алтынсарин" төсбелгісімен 264 педагог, "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен 265 педагог марапатталды. Сондай-ақ 149 педагогке Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы, 517 педагогке ведомстволық дипломдар мен Алғыс хаттар тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 15 тамыздан бастап еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі тамыз кеңестері өтті.