Қазақстан маймыл шешегіне байланысты шекарада санитарлық бақылауды күшейтті

Алғаш тіркелгеннен бері әлемде ауруды 99 мыңға жуық адам жұқтырды
Sputnik
АСТАНА, 20 тамыз – Sputnik. Қазақстан маймыл шешегіне байланысты шекарада санитарлық бақылауды күшейтті.
Үкіметте эпидемиологиялық жағдай қаралды. Қазақстанда маймыл шешегінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бүгінгі таңда Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты, сирек жұқпалы ауруды жұқтыру жағдайы тіркелмегенін айтты.
Жалпы, 2022 жылдың мамырында маймыл шешегі вирусының алғашқы тіркелуінен бастап әлемде 99 мыңға жуық жағдай расталды, оның 189-ы өлімге әкелді.
Эндемия тараған елдерге Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикасы жатады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі көрші елдердегі эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жүргізумен қатар, тәуекелдерді тұрақты бағалауды жүргізіп жатыр.
Африка елдерінен, сондай-ақ инфекцияны тасымалдау жағдайлары тіркелген басқа елдерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады.
Қолайсыз елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады. Ғалымдардың пікірінше, бұл жұқпалы аурудың кең таралуы, жұқпалылығы жоғары емес.
"Қазақстан Республикасы аумағында індеттің пайда болу қаупі аз. Осыған қарамастан, министрлік бұл инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті алдын алу шараларын қабылдауда. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді", — деді Ержан Нұрлыбаев.
Үкімет басшысы әзірге алаңдауға негіз жоқ екенін, алайда тоқмейілсуге болмайтынын атап өтті.
"Көріп отырғанымыздай, әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралу қаупін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдасын", – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Бұл әсіресе, әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты.