Астанада АЭС құрылысына қатысты қорытынды тыңдауда мамандар не айтты

Атом электр станциясының құрылысы 8 жылдан 10 жылға дейін созылуы мүмкін
Sputnik
АСТАНА, 20 тамыз – Sputnik. Қоғамдық тыңдауға атом саласының сарапшылары, мемлекеттік органдардың, қоғам мен азаматтық сектордың өкілдері қатысып жатыр.
Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы 8 жылдан 10 жылға дейін созылуы мүмкін, деп мәлімдеді Қазақстан Ұлттық ядролық орталығы бас инженерінің орынбасары Денис Зарва.
Ал Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков Қазақстанда салынатын атом электр станциясының 8 балдық жойқын жер сілкінісіне және салмағы 400 тонналық ұшақтың сағатына 750 шақырым жылдамдықпен құлауына төтеп беретінін айтты.
Ол қазіргі атом электр станциялары бірін-бірі толықтыратын пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталғанын атап өтті.
"Бұл пассивті жүйелер атом электр станциясының жұмысы нормадан шамалы ғана ауытқығанның өзінде оны электр қуатынсыз және операторлардың көмегінсіз кері қайтаруға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Ерлан Батырбеков.
Айта кетері, бүгінге дейін Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Семей, Шымкент және еліміздің басқа өңірлерінде қоғамдық талқылаулар өтті.
2023 жылдың қазан айынан бері бірінші атом электр станциясын салу мәселесі қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр.