Жетісу облысында жыл басынан бері мал басы 26,3%-ке өскен

Өңірде биылдың өзінде 34,9 млрд теңге, оның ішінде 23,2 млрд теңге субсидия бөлінді
Sputnik
АЛМАТЫ, 19 тамыз – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов Жетісу облысындағы бірқатар кәсіпорынды аралады. Соның бірі – Талдықорғандағы "JLC Сүт" сүт өндіру кәсіпорны, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Бұл өндірістің қуаты жылына 25 мың тонна. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 5,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Тәулігіне 80 тоннадан 90 тоннаға дейін сүт өңделеді, 62 өнім түрі шығарылады. Кәсіпорында 240 адам жұмыс істейді.
Премьер-министр облыс әкімдігіне тұқым қорын және минералды тыңайтқыштардың жеткілікті көлемін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
"Сондай-ақ суармалы егіншілік саласында суару желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын мерзімінде аяқтау және 2026 жылға қарай су беруді 30,5 мың гектарға жақсарту, сондай-ақ жаңадан 5,3 мың гектар суармалы жерді пайдалануға қосу тапсырылды", - деп жазды ведомство.
Жетісу облысында осы жылдың басынан бері мал басы 26,3%-ке өскен. Мал шаруашылығын дамыту шеңберінде биыл 1140 мал басына арналған 3 тауарлы-сүт фермасын кеңейту, 1200 басқа арналған 1 тауарлы-сүт фермасын ашу жұмыстары жүргізілуде және 200 мал басына арналған 1 бордақылау алаңын іске қосу жоспарда бар.
"Жетісу облысы - аграрлы өңір. Үкімет өңірдің АӨК-не қажетті қолдау көрсетіп келеді. Тек биылдың өзінде 34,9 млрд теңге, оның ішінде 23,2 млрд теңге субсидия бөлінді. Жалпы, "Ірі жобалар" және "Ауыл аманаты" бағдарламалары аясында облысқа 9,8 млрд теңге бөлінді. Осы бағдарламалардың іске асырылуын және мал шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу бойынша жаңа кәсіпорындар ашу қажет", — деді Олжас Бектенов.
Бұған қоса, жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорны – автомобиль аккумуляторларын шығаратын "Қайнар АКБ" зауытына барды. Зауыт өнеркәсіп өндірісінің 33,6%-ын қамтамасыз ете отырып, Талдықорған қаласының экономикасында маңызды рөл атқарады. Өндірістік қуаты – жылына 3,6 млн дана, жұмыс істейтін қызметкерлер саны – 1 212 адам.