АСТАНА, 19 тамыз – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов Жетісу облысындағы Үшарал қаласының әуежайында реконструкциялау нәтижесінде ірі әуе кемелерін қабылдай бастаған ұшу-қону жолағының жұмысымен танысты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Бүгінде Астана, Алматы, Талдықорған қалаларына рейстер орындалады. Биыл әуе рейстерін субсидиялауға 653 млн теңге бөлінді, бұл құны 8-18 мың теңге болатын 20 мыңға жуық билетті сатуға мүмкіндік берді", - деп жазылған хабарламада.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өткізу қабілеті сағатына 75 жолаушыны құрайтын Үшарал қаласы әуежайының қосымша терминалы құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын баяндады.
Қазіргі инфрақұрылымды ескере отырып, нысандар сағатына 125 жолаушыға қызмет көрсетеді.
Жалпы, өткен жылы өңірге 2 млн демалушы келген, 17 жаңа туризм нысаны іске қосылып, 3,5 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Туризм саласын одан әрі дамыту үшін үкімет басшысы инвестиция тарту және тиісті инфрақұрылым құру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
"Жартыжылдық қорытындысына сәйкес Жетісу облысының қысқамерзімді экономикалық индикаторы 110,7%-ды құрады. Мәселен, сауда-саттық көлемі 23%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 33,8%-ға немесе 1,3 есеге, байланыс – 7,5%-ға артты", - деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Жалпы, өңір әлеуетін агроөнеркәсіп кешені, өңдеу өнеркәсібі және логистика құрайды.
Облыс экономикасы құрылымындағы АӨК үлесі 15,2%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығындағы өсім биылғы қаңтар-маусым айларында 1,2%-ды көрсетті. Саланы дамыту үшін 2022 жылдан бері пайдаланылмай жатқан 1,2 млн гектар жер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды, оның 800 мың гектардан астамы ауыл шаруашылығы айналымына тартылды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов биыл өңірдің АӨК саласын қаржыландыру көлемі ұлғайтылғанын атап өтті.
Шағын және орта бизнес несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды арттыруға 23 млрд теңге қаражат аударылды. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдікпен бірлесіп, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу секторын дамытуға баса назар аудару тапсырылды.