АСТАНА, 19 тамыз – Sputnik. Ақмола облысының Атбасар қаласында полиция қызметкері адам қағып өлтірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"18 тамызда түнгі сағат 2:50-де Атбасар қаласында жол апаты салдарынан жаяу жүргінші қаза тапты. Осы оқиғаға қатысы бар жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды", - деп жазылған облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше жүргізуші мас болмаған. Қазіргі уақытта ол теріс себептермен ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды.
Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Ақмола облысы полиция департаментінің басшылығы тергеу барысын бақылауға алды.
Полиция марқұмның отбасына көңіл айтып, тергеуді жан-жақты, объективті және ашық түрде жүргізуге уәде берді.