Шымкентте байланыс операторларына 44 млн теңге айыппұл салынды

Тұрғындардың айтуынша 2,5 мың теңгенің тарифі 6,5 мыңға дейін қымбаттап кеткен
Sputnik
АСТАНА, 18 тамыз - Sputnik. Шымкентте 147 жерде ұялы байланыс нашарлаған. Осыған байланысты байланыс операторларына өткен 7 айда 44 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлады OTYRAR.
"Ең көп айыппұл Kcell-ге салынды – 22 млн теңге. Beeline мен Tele2 әрқайсысына 11 миллион теңгеден айыппұл салынды", - дейді цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов.
Ал қала тұрғындарының айтуынша кейінгі бір жылда тариф құны бірнеше есеге өскен.
"2,5 мыңтеңге болған тариф қазір 6,5 мың тұрады". "Дұрыс жұмыс істемейді, интернетке кіру қиын", "Байланыс нашар. Бұрын 2900 теңге төлейтінбіз, қазір 5900 теңге төлеп жатырмыз", – дейді шымкенттіктер.
Өткенжылы алдын ала ескертусіз байланыс құнын көтерген. Мамандар азаматтардың арыз-шағымы негізінде операторларға ескерту берілгенін айтады.
"Операторлар бір ай бұрын ескертуі керек. Осыдан кейін бағаны көтере алады. Құзырлы ведомство былтырғы жағдай бойынша жұмыс істеп жатыр. Тариф құны келісімшарт талаптарына сай болуы керек", — деп түсіндірді Мұхит Кемелов.
Айта кетері, биыл Шымкентте 20 елді мекенге талшықты-оптикалық желі тарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде 210 мың тұрғын сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі.