АСТАНА, 17 тамыз - Sputnik. Германия Украинаға әскери көмек көлемін қысқартуға мәжбүр. ГФР үкіметінің қазіргі бюджеттік жоспарлауына сәйкес, енді бұл мақсаттарға жаңадан қаражат бөлінбейді. Бұл туралы құжаттарға сілтеме жасаған Frankfurter Allgemeine Sonntagszeitung (F.A.S.) неміс газеті жазды, деп хабарлайды Риа Новости.
Басылымның хабарлауынша, оған канцлер ведомствосы мен қаржы министрлігі қабылдаған шығындарды азайту шаралары себеп болған.
Германия канцлері Олаф Шольцтың өкіміне сәйкес, қазірдің өзінде бекітілген материалдар әлі де жеткізілетіні түсіндірілді, бірақ Германия қорғаныс министрлігінен қосымша өтінімдер бұдан былай бекітілмейді.
Газеттің жазуынша, ГФР қаржы министрі Кристиан Линднер Германияның қорғаныс министрі Борис Писториусқа 5 тамызда тиісті өтінішпен хат жолдаған.
Украинадағы жағдай жақын арада бұдан да нашарлауы мүмкін. Өйткені жоспарланған әскери қолдау келесі жылы шамамен екі есеге қысқарады, ал 2027 жылы оның қазіргі көлемінің оннан бір бөлігіне дейін қысқарады, деп түсіндіреді газет.
Ресей бұған дейін Украинаға қару-жарақ жеткізілуіне байланысты НАТО елдеріне ескерту жіберген.
Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Украинаға қару-жарақ жіберген кез келген жүк Ресей үшін заңды нысана болатынын айтты. Ресей Федерациясының сыртқы саясат ведомствосы НАТО елдері Украинаға қару-жарақ жеткізу арқылы "отпен ойнап отыр" деп мәлімдеді.