Бектенов су тасқыны салдарын жою жұмыстарын жандандыруды тапсырды

Бүгінгі таңда республикалық магистральдардың 102 учаскесінде жұмыстар толығымен аяқталды
Sputnik
АСТАНА, 16 тамыз – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтегі кеңесте су тасқыны салдарын жою жұмыстары кестеден кешігіп жатқандықтан жұмысты жандандыруды тапсырды.
"Республикалық штаб қажетті шешімдерді қабылдады, қаржы толық көлемде бөлінді. Барлық ресурсты жұмылдырып, жұмысты жандандыру қажет", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Апатты деп танылған 8 650 үйдің иесіне қайталама нарықтан үй сатып алынады немесе жаңасы салынып жатыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 2 569 жаңа үй салынып жатыр, олардың 619-ы толықтай дайын. 2 431 үйдің іргетасы тұрғызылды, 2 207 үйдің қабырғасы қаланды, 2 007 нысан шатыры жабылды.
Жөнделуі тиіс 9 189 нысанның 8 939-ында (97%) жұмыстар аяқталған. Сатып алу жоспарланған 6 081 үй мен пәтердің бүгінде 4 918-і (81%) сатып алынды.
"Бүгінгі таңда республикалық магистральдардың 102 учаскесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Газ тасымалдау инфрақұрылымы нысандары штаттық режимде жұмыс істейді", - деп жазылған хабарламада.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, барлық жұмыс аяқталғанға дейін құрылыс нысандарында үйлестіру мен бақылау жұмыстарын күшейту тапсырылды.