Алматыда белгісіз біреу қартаң әйелді соққыға жықты

Тонау фактісі бойынша Әуезов ауданы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды
Sputnik
АЛМАТЫ, 16 тамыз – Sputnik. Алматыда белгісіз біреу егде жастағы әйелді соққыға жығып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға 15 тамызда болған. Әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны Елена Сафронова анасын бейтаныс адамның соққыға жығып, басын жарғанын айтып шағымданған.
"8-ші ықшам ауданда балалар алаңында менің анама нашақор шабуыл жасады, басын жарып, әмиянын алып қашып кеткен. Оқиға 17:00 шамасында болған. Балалар алаңында тек балалар ойнап жүрген, ересек адамдар болмаған. Анам дәріханадан келе жатқан. Бейтаныс адам анамның артынан аңдып ізіне түскен. Сосын қатты затпен басынан ұрған", - дейді тұрғын.
Жазба авторының айтуынша, өрімдей жастар аулада есірткі қойып кетумен айналысады.
"Жас жігіттер үнемі рюкзактармен келеді және кіреберістің жанында, ойын алаңдарында есірткі қойып кетеді. Содан кейін күндіз және түнде, тәулік бойы есірткі сатып алушылар аулаларды, көрінген жерді қазып, есірткі іздейді", - дейді Елена Сафронова.
Қалалық полиция оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Тонау фактісі бойынша Әуезов ауданы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіні ұстау үшін жедел іздестіру іс-шаралары жүріп жатыр. Оның жеке басы анықталды. Сонымен қатар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшн бұл тұрғын алапта құқық бұзушылықтарды анықтау және қылмыстардың жолын кесу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Патрульдік полиция жасақтары күшейтіліп, жаяу патруль іске қосылды", - дейді ведомство.