Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау жалғасуда – қаржы министрлігі

Қабылданған шаралар мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық тауарлардың үлесін 60%-дан астамға дейін арттыруға мүмкіндік береді
Sputnik
АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Үкімет отырысында Қазақстанның қаржы министрі Мәди Тақиев жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары туралы айтып, бұл бағыттағы жұмыс екі негізгі бағытқа бөлінгенін мәлімдеді: сатып алу рәсімдерін жеңілдету және мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңды әзірлеу.
Осылайша, ұлттық режимнен шығарылған тауарлардың тізімін кеңейту отандық тауар өндірушілерді қолдаудың маңызды шараларының бірі болды*. Нәтижесінде мұндай тауарлардың саны 1380-ден 4542-ге дейін өсті, ал 2024 жылдың жеті айында жергілікті тауар өндірушілермен 34805 келісімшарт жасалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 58,1%-ға артық.
Қазақстанның қаржы министрлігі сатып алуды бақылау ережелерін де жаңартты. Енді қазақстандық тауарлардың орнына шетелдік тауарлар сатып алынса, мұндай мәмілелердің күші жойылуы мүмкін. Осылайша, биылғы жылдың сәуір айынан бері 25 миллион теңгеге 8 сатып алу тоқтатылды.
Бұл шаралар жергілікті өндірісті қолдауға және мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық тауарлардың үлесін арттыруға бағытталғаны, қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 54,3%-ға жеткені айтылды.
2024 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген Мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заңмен жергілікті тауар өндірушілерді одан әрі қолдау жоспарлануда. Атап айтқанда бұл мыналарды қамтиды: 1) біріншіден, ұлттық режимнен босату тізбесін одан әрі кеңейту; 2) кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесетін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен белгіленген көлемде сатып алу; 3) бір көзден сатып алу әдісін қолдана отырып, офтейк-шарттар, яғни жергілікті тауар өндірушілермен конкурссыз тікелей шарттар жасасу.
Бұл қадамдар мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық тауарлардың үлесін 60%-дан астамға дейін арттыруға мүмкіндік береді, делінген хабарламада.
*Ұлттық режимнен босату – белгілі бір тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін шетелдік әлеуетті жеткізушілердің қолжетімділігін шектеу. Ол ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында енгізілген.